«ОҚМА» АҚ өкілдері Астанада Пол Кимнің қатысуымен өткен AI-Sana семинарына қатысты

01.05.2026

2026 жылғы 30 сәуірде Астана қаласындағы Astana IT University базасында AI-Sana бағдарламасының II және III кезеңдерін әзірлеуші, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Пол Кимнің қатысуымен семинар өтті. Іс-шараға «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-ның цифрлық офицері А.С. Нурпеисов және КТИЦ басшысы М.Т. Уксикбаев қатысты.

Семинарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Ғылым қоры» АҚ және «ZEMEX – Inc.» компаниясы, «Platonus» ЖШС-мен серіктестікте, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырды.

Семинар бағдарламасы студенттер мен кураторларға арналған екі бөлімнен тұрды. Студенттерге арналған бөлімде Пол Ким стартаптық ойлау, жасанды интеллектке негізделген экономиканың мүмкіндіктері және мазмұнды сұрақтың болашақ жобаның негізіне айналуы туралы баяндады.

Кураторларға арналған бөлімде SMILE әдіснамасына, жасанды интеллект көмегімен коучинг жүргізуге және студенттерге бағыт-бағдар беру тәжірибелеріне ерекше назар аударылды. Бұл тақырыптар білім алушылардың ізденісін қолдау, идеяларын дамыту және жобалық жұмысын сүйемелдеу тұрғысынан маңызды.

Іс-шара аясында «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арман Ашкин де сөз сөйледі. Ол AI-Sana бағдарламасының жасанды интеллектіні ғылымда, білім беруде, кәсіпкерлікте және экономиканың нақты секторында қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлаудағы маңызын атап өтті.

Академия өкілдерінің семинарға қатысуы AI-Sana бағдарламасы аясындағы әдістемелік тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді. Семинарда қарастырылған мәселелер медициналық білім беруде жасанды интеллект құралдарын орынды қолдану, оқытушылар мен білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту және студенттік бастамаларды қолдау бағыттарымен үндеседі.

 

#ОҚМА #ЮКМА #SKMA #AISana #AstanaITUniversity #Астана #PaulKim #SMILE #ЖасандыИнтеллект #ЦифрлықБілім #МедициналықБілім #ЦифрлықҚұзыреттер